«Гүлбике»
фильмін Шыңжаңның Үрімжі қаласындағы мемлекеттік «Тянь-шань» кино
студиясы мен «Хуашиа» кино тарату жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
бірлесіп жасаған екен. Алғашқы түсірілім жұмыстары 2009 жылы мамырдың
8-інде Қытайдың Іле аймағының Текес ауданындағы Қаржау жайлауында
басталған. Фильмнің шырайын ашқан көркем дала табиғаты Алтай, Іле,
Тарбағатай сынды қазақ аймақтарының көрінісі көз тартатын әсем
жерлерінде түсіріліп, көктемнің, жаздың, қыстың көріністері қамтылған.
«Гүлбике» фильміне арқау болған уақиға желісі қазақ ұлтының ақындар
айтысына деген құрметін және айтыс өнерінің баурағыштық қасиетін ашып
көрсету. Бұл фильмде ақын қыздың осы өнерді бойына сіңіре жүріп есею
барысы баяндалады. Сонымен бірге Қытайдағы қазақтар мекен еткен өлкенің
тарихи-мәдени жарасымды өмір салтын, қазақ ұлтының думанға толы тіршілік
ортасын, шынайы сезімін бейнелеп, халықтық ән-билер кеңінен
дәріптеледі. Фильмнің режиссері «Тянь-шань» кино студиясының үздік
режиссері Шеризат есімді ұйғыр азаматы. режиссердің осыған дейін де
жасаған фильмдері мемлекеттік және халықаралық сыйлықтарды жеңіп алған.
Басты рөлдерде қытай қазақтарының арасынан шыққан белгілі кино актер
Пәтиха Мәлікқызы, «Шыңғысхан» фильмінде ұлы қағанның үзеңгілестерінің
бірінің кейпін сомдаған Дәлелхан Қадырұлы және Роза, Әлімжан, Дабыл
қатарлы жас актерлермен бірге 5 жастағы Жәния есімді кішкентай қыз
Гүлбикенің балалық шағын ойнайды. Ал фильмге жұмсалған жалпы қаражат көлемі 9 миллион юаньді құраған.